11 там, 2022 сағат 14:42

Түркістандық желкенді қайықшылар ел чемпионатына жеңімпаз атанды

 

Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасында желкенді спорттан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.

Желкенді қайықшылар арасында өткен ел чемпионатына өңір намысын Түркістан облысының намысын облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері қорғады. Олар яхталардың әртүрлі дәрежелері бойынша 6 алтын, 3 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді.

Жұптық сында Растислав Дубовской мен Богдан Рожанский алтыннан алқа тақса, жекелей сында Заңғар Әбдірахман да жеңістің шыңын бағындырды. Ал, қыздар арасындағы жекелей сында Светлана Чурикова алтын алқаны мойнына ілді.

«Кадеттер» сайысында Алишер Чемохов пен Анатолий Чуриков жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді. Қорытындыда медальдар жиынтығы бойынша Түркістан облысының спортшылары жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Алматы облысының командасы шықса, қола жүлдені Қонаев қаласының желкеншілері місе тұтты.