02 жел, 2022 сағат 17:51

Түркістандық параспортшылар әлемдік жарыста үздіктер қатарынан көрінді


Португалияның Вила-Реал-ди-Санту-Антониу қаласында спорттың жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, суға жүзу түрлерінен халықаралық жарыс өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пара жеңіл атлетика сайысына 34 мемлекеттің атлеттері қатысып, кіл мықтылар анықталды.

Қазақстан атынан спорттың үш түрінен: паражеңіл атлетика, паражүзу және парапауэрлифтингтен 27 спортшы қатысты. Нәтижесінде параспортшыларымыз жарыста 14 алтын, 20 күміс және 20 қола медаль жеңіп алды.

IWAS дүниежүзілік ойындарында Түркістан облыстық мүгедектерге арналаған «Сауран» спорт клубының спортшылары бақ сынап, жоғары нәтижеге ие болды. Айтап айтқанда, сайыста ел намысын қорғаған Мұқан Айтмырзаев найза лақтырудан үздік үштіктің қатарынан көрінді. Темірбек Тоғанбай 100 метрге жүгіруден және диск лақтырудан қола медаль алды. Сондай-ақ, Шахрух Санвар 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіру мен ұзындыққа секіруден қола медальға қол жеткізді.

Спортшыларға жетекшілік жасап аталған турнирге арнайы барған спорт клуб директоры Абай Қазиевтің айтуынша, бұл додада жүлдегер атанудың өзі мәртебе. Әлем жұртшылығы алдында Көк байрағымыздың көкке көтерілуі күллі Қазақ елінің жеңісінің жемісі.

Жалпы Түркістан өңірі бойынша 130-дан астам параспортшы бар. Құрылғанына 1 жыл толған «Сауран» спорт клубының спортшылары облыс қоржынын 28 алтын, 23 күміс, 30 қола медальмен толықтырған.

Айта кетсек, IWAS ойындары – бұл мүгедектер арбасына таңылған және ампутация жасалған жандарға арналған халықаралық спорт. Дүниежүзілік ойындар әр екі жыл сайын өтеді. IWAS ұйымына 73 мемлекет кіреді.