17 қар, 2018 сағат 23:58

Түркістандық оқушылар БЖЗҚ жұмысымен таныспақ

2018 жылдың 20 қарашасында «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалында «БЖЗҚ барлық салымшыларға қолжетімді» атты ашық есік күнін өткізбек. Аталмыш қор қызметкерлерінің айтуынша, ол әдеттегіден ерекше болмақ.

Шараға салымшылар және алушылармен қатар алғаш рет мектеп оқушылары мен студенттер де қатысады. Филиал директоры С. Байдуановтың пікірінше, қор халықтың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан ашық есік күніне жас ұрпақтың тартылуы кездейсоқ емес. Болашақта жоғары сынып оқушылары мен студенттер жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса бастайды. Ал, олардың зейнетақылары қазіргідей мемлекеттік бюджеттен емес, өздерінің аударған зейнетақы жинақтарына тікелей байланысты болады.

– «БЖЗҚ» қызметтерінің 80 пайызы қазір қолжетімді. Ол қашықтықтан электрондық түрде басқарылады. Соның арқасында кеңсеге келіп, кезек күтпей-ақ интернет немесе ұялы телефондардың кез келген операциялық жүйесіне бейімделген ENPF ұялы қосымшасы арқылы қызмет алуларына болады. Бұл салымшылар мен алымшыларға уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді филиал директоры.

Қор өкілдерінің айтуынша, қатысушылар электрондық тәсілмен міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын есептеу жөнінде, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлама ала алады. Қор сайтында болашақ жинақтар мен төлемдердің шамалас мөлшерін есептеуге арналған зейнетақы калькуляторы да бар.