08 қаң, 2019 сағат 15:42

Түркістандық көп балалы анаға тегін үй берілді

ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Жұма» мешітінің жамағаты бірігіп көп балалы отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚМДБ-ның Түркістан облыстық өкілдігіне сілтеме жасап.

Шаңырақ иесін құттықтай барған облыс имамы жақсы жаңалық жеткізді. ҚМДБ тарапынан атқарылатын 4 бағыттың бірі қайырымдылық екендігін, өткен жылы имамдардың араласуымен осы тапсырма аясында облыс бойынша 12 баспана берілгенін, Түркістан қаласында 2 өртенген үйге жәрдем жеткізілгенін атап өтіп, алдағы жылы тағы бір отбасыға баспана əперу жоспарда барына тоқталды, Мұсабек Ақтамберді. Сондай-ақ, игі іске атсалысып, қайырымдылық еткен «Жұма» мешітінің жомарт жамағатына береке тіледі.

Ал, 6 баласымен далада қалдырмай, отау тарту еткен жұртшылыққа Гүлназ Құдайбергенқызы: «Балаларыммен қанша жыл пәтерден пәтер көшіп, көп қиындық көріп қиналдым. Енді міне Аллаға шүкір бұл күнге де жеттік. Барша жәрдемші болған азаматтарға Алла Тағала разы болсын», - деп ақжарма тілегін жаудырды.



Қуанышқа ортақтасып келген ақсақалдар ақ батасын беріп, имамдар мен жергілікті жамағатқа ризашылықтарын білдірді. Құран оқылып, дəстүрге сай шүкіршілік дастарханы жайылды.