04 қаз, 2022 сағат 13:05

Түркістандық имамдар футболдан сынға түсті


Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы «Жастық» стадионында Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, Түркістан облысына қарасты имамдар мен мешіт қызметкерлері арасында кіші футболдан облыстық турнир өтуде. Достық кездесуге облысқа қарасты 17 қала, ауданнан дін сала қызметкерлерінен құралған командалар қатысып жатыр.

Түркістан облысына қарасты имамдары мен мешіт қызметкерлері арасында кіші футболдан жарысты тоқсан сайын өткізу жоспарланып, бұл жарыс кезек реттілігіне орай Төлеби ауданында ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгінгі қоғамда салуатты өмір салтын ұстану – басты қағидалардың бірі. Халық арасындағы ауызбіршілік, ынтымақ, бірлікті сақтауға негіз болған Ислам дінін уағыздаушылар – имамдар, мешіт қызметкерлері. Мешіт – бірлік пен ізгіліктің, имандылық пен бауырмашылдықтың бастауы ғана емес, халқымыздың рухани байлығын молайтатын қасиетті орын. Дін саласының қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстанып ғана қоймай, оны насихаттау мақсатында футболдан турнир ұйымдастыруы – қуантарлық жағдай. Салауатты өмір салты – бұл дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, жаман әдеттерден бас тарту арқылы денсаулықты жақсартуға және сақтауға бағытталған адам өмірінің тұжырымдамасы. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал мақсатында қазірдің өзінде 371 спорттық нысан жұмыс істейді», – деді құттықтау сөзінде Сержан Дауылбайұлы.

Жеңімпаз атанған командалар марапатталады. Сайыс барысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншылар жеке-жеке марапаттан құр қалмайды. Турнирге қатысушыларға кәсіпкер Бегалы Рысбеков арнайы дастархан жайып, құран бағышталды.

Ауданда футбол ойынын дамыту мақсатында спорт инфрақұрылымдарын салу жоспарлануда. Бұл бағытта Бірінші Мамыр ауылынан заманауи үлгідегі спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Шалғай елді мекендерде демеушілер және мемлекет есебінен ашық спорт алаңдарын салу арқылы спортпен шұғылданушылар санын 2025 жылға дейін 45 пайызға өсіру жоспарланып отыр.