18 қыр, 2019 сағат 12:11

Түркістандық ерлі-зайыпты мал ұрлығымен айналысқан

Түркістан облысында мал ұрлығымен тұрақты түрде айналысып келген ерлі-зайыптылар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыптылар екі ай бойы өңірдің 5 ауданында жайылымдағы малдарды ұрлап келген.

«Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданып, тамыз айында белгісіз тұлғалар жайылымдық жерден 1 бас бұзауын ұрлап кеткенін айтты. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша тіркелді. Дәл осындай арызбен полицейлерге тағы бірнеше жәбірленуші шағымданды», - деді полициядан.

Мал ұрыларын ұстау және қылмысты ашу мақсатында облыстық ПД-ның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.

«Тәртіп сақшылары жақын аймақтарды қарап, куәгерлерден сұрастырып, мал сату орындары мен мал тасымалдаушы автокөліктерді тексеріп, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде, жедел уәкілдер ер адам мен әйелді күдікті ретінде ұстады. Олар Шымкент қаласының тұрғындары және ерлі-зайыпты болып шықты», - делінген ақпаратта.

Анықталғандай, олар Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы жайылымдарда адамдардың болмауын пайдаланып, малдарды ұрлап отырған. Олардың 10-нан астам қылмысқа қатысы бар болып шықты.

Сондай-ақ ұрланған малдарды сатып алушы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Ол да заң алдында жауапқа тартылатын болады.