Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін
қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің
баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтсақ,
фермерлерге «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымдарынан көктемгі егіс
жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қаржыны 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап
алуға мүмкіндік ұсынылып отыр.
Жыл сайын «ОҢТҮСТІК» АИО еншілес ұйымы «Ырыс» МҚҰ-мен
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тартылған қаражат есебінен көктемгі
егіс жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратыны белгілі.
Жыл сайын қаражат жинау көктемгі кезеңде жүзеге
асырылады. Яғни, фермерлер өз қаражаттарын тек көктем мезгілінде алып келді.
Бұл Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда көктемгі егіс жұмыстары ертерек
басталатын оңтүстік өңірлердің аграрийлері үшін қолайсыз болды.
Жеңілдетілген несиелеудің тиімділігін арттыру мақсатында
ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлкен жұмыс атқарылды. Нәтижесінде
Аграрлық несие корпорациясынан жылдың желтоқсан айында аграрларды
қаржыландыратын қаражат мақұлданды.
Жеңілдетілген несиелер беру процесін жеделдету үшін
қаражат алуға ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдын ала тізімі
жасалды. Бұдан басқа, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызметінің
тиімділігін арттыру мақсатында егіс тұқымдарының элиталық сорттарын сатып алуға
қаржыландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік
тауарларына және бір алаңнан 2-3 өнім алуға басым болды.
Компания мамандарының айтуынша, «ОҢТҮСТІК» АИО «Ырыс»
МҚҰ-мен бірлесіп, 2023 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 4,3 млрд. теңге соманы
игеруді жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жалпы егіс көлемі
67,4 мың гектар жердегі 813 жоба қаржыландырылып, шаруаларға 3,9 млрд. теңге
берілді.