28 жастағы Қымбат Сарыбайқызы Раяна, Рәзия және Рәбия есімді үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бір ай бұрын дүниеге келген үшемдер 30 күн бойы дәрігерлердің қарауында болып, бүгін үйіне шығарылды. 3 ұлдан кейін қызды болуды армандаған Тинебековтер отбасы бірден 3 қызғалдақпен толықты.
«Қазір үш қыздың жағдайы қалыпты. Алдағы уақытта да жағдайларын қадағалап, тұрақты түрде бақылап отыратын боламыз», - деді перинаталды орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы көпбалалы отбасыға қала әкімнің құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Ал, үшемдердің анасы үлкен құрмет көрсеткен қала басшылығы мен дәрігерлерге алғысын айтты.
«Керемет сезім, ештеңе айта алмаймын, қатты қобалжып жүрмін. Бүкіл перзентханаға үлкен алғыс айтамын, дәрігерлері керемет! Құдайға шүкір, жолдасым мен енем жанымда болды. Қазір үйде бүкіл отбасым күтіп отыр, өте қуаныштымын! Болашақта тағы балаларым болады деп ойлаймын», - деді Қымбат.
Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері Түркістан қаласында 3740 нәресте туса, оның 16-ы егіздер. Ал бұл - жыл басынан бері қалада дүние есігін ашқан екінші үшем.