Орталыққа кіргенде бірі балдаққа сүйенген, енді бірі қоларбаға таңылған жандарды көріп, алғашында аяныш сезімін бастан өткересіз. Әлден соң әрбірінің ынтасы мен табандылығы алғашқы пікіріңізді өзгерте бастайды. Тіршілігімен танысып, келушілермен әңгімелескеннен кейін қоғамнан бөлек, қоршаған ортадан алшақ бұйығы өмір сүріп келген, тағдырдың жазуымен мүгедек атанған жандардың осы орталықта мемлекеттің өзіне деген қамқорлығын сезінетінін, алға ұмтылатынын аңғарасыз. Өзінің ел қатарлы өмір сүруіне, құқын қорғап, өмірден өз орнын табуға болатындығына негізінен осы орталықта көз жеткізетінін білесіз.
Біз айтып отырған Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» мүгедек жандарға жан-жақты қамқорлық жасалып, жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатындағы түрлі іс-шара жиі өткізіліп тұрады. Ал негізі Шымкент қаласындағы аталған орталықта жыл көлемінде 960 мүмкіндігі шектеулі жан оңалтудан өтеді екен. Әр ай сайын стационарлық-санаториялық режімде аудандардан – 45, Шымкент қаласынан 30 мүгедек күндізгі бөлімде қабылданады. Осы арада айта кетелік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде мүгедектігі бар адамдардың саны 7,5%-ға ұлғайған. Сол себептен де болар, орталық қызметін алуға ниеттілер қатары көбейе түскен және олар бұл мүмкіндікті ұзақ күтуге мәжбүр. Орталықтың оларға берері мол, мысалы дәрігерлердің нұсқаулары бойынша ем алады, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды, сондай-ақ түрлі дәрі-дәрмектерді, дәрумендерді қабылдайды. Спорттық эстафеталық топтық ойындарға денсаулықтарына қарай қатысады. Басқа да мәдени іс-шараларға қатысу үшін арнайы көлік қызметі ұсынылады. Өздігінен еңбек етуге көмектеседі. Еңбекпен емдеу арқылы өмірге деген көзқарасын жақсартып, қызығушылықтарын оятады. Моншақтан, бисермен әртүрлі бұйым жасауды үйренеді. Тігін машинасымен жұмыс істеп, құрақ көрпешелер, жастықтар, көйлектер тігеді және жоғалтқан тұрмыстық дағдыларын қайта қалпына келтіреді. Қызмет алушылардың өз қолдарынан жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылады. Өзін-өзі қамтамасыз ету және материалдық жағдайларын жақсартуға қатысты бағыт-бағдар, кеңес беріледі.
– Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында «мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуі тиіс» екенін атап көрсетті. Жалпы, Мемлекет басшысы мүгедектер мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау- көмектер көп. Өзін кем сезінбеуі үшін орталық қызметін пайдаланушы жандарға отбасылық кәсіпкерлікті ашу және дамыту үшін «Атамекен» қорының облыс бойынша аймақтық филиалы бизнес сабақтарын жүргізеді. Онда кәсіпкерлік жолдары жан-жақты түсіндіріледі. Қызмет алушыларға жеңілдіктер, жәрдемақылар, өтемақылар мен басқа да төлемдерді алуға кеңес беріледі. Орталық І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту қызметтерін көрсетеді. Ол қызметтерді алған соң денсаулықтарында оң өзгеріс болып, жеке кәсіп ашқандары да баршылық. Өмірге деген құлшынысы артып, алғысын білдіріп жатқандары да аз емес. Кезінде мекемеде оңалтудан өткен Ермек Қалымбетов түрлі спорттық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қоларба жарысынан Азия чемпионы атанды. Кентау қаласынан келіп, оңалтудан өткен Айдос Қалиев бүгінде көптеген мәдени іс-шарада концерттік бағдарламалармен өнер көрсетуде. Ал мүмкіндігі шектеулі Бөрібек Жылқыбаев қолдың ұсақ моторикасын жақсарту мақсатында ірі моншақтардан әртүрлі бұйым жасап, мекемеміздің атынан қолөнер шеберлері көрмелеріне қатысып жүр», дейді «№8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гулия Жазыхбаева.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, тарихи жәдігерге сүйіспеншілігін арттыру, өлкесін таныту, патриоттық сезімін одан әрі қалыптастыру мақсатында ай сайын өңірдегі мұражайлармен танысуына мүмкіндік жасалады екен.
«Бұл мекемеге 2012 жылдан бері келіп ем алудамын. Емнің барлық түрі қарастырылған. Орталыққа келген күннен бастап жақсы көңіл-күйде жүреміз. Денсаулықты нығайтуға арналған емдік процедураларды көрсететін мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары дәрежеде, оңалту орталығының қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз», дейді І топ мүгедегі Ерахан Сейтбеков.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, орталық қызметіне мұқтаж жандар көп. Алайда оны қалаған мезгілінде қабылдау мүмкін болмай отыр. Оның бір себебі – орталық орналасқан ғимарат тарлық етуде. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалысына да кері әсерін тигізуде. Яғни талапқа сай типтік ғимарат қажет. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың «Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері оңалту көмегінің қолжетімдігін жақсарту үшін қосымша оңалту орталықтарын ашу жөніндегі қажетті шаралар қабылдауы қажет» деген мәлімдемесі көңілге сенім ұялатады. Министрлік мәліметіне қарағанда, елімізде 192 қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары жұмыс істейді. Олардың 129-ы мемлекеттік және 63-і жекеменшік ұйымдар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бекітілген норматив 25-ке тең болған кезде халықтың оңалту төсектермен қамтамасыз етілуі 10 мың адамға шаққанда барлығы 1,4 төсекті құраған. Яғни оңалту және қалпына келтіру емдерімен қамтамасыз етудің жеткіліксіз екені байқалады. Министрдің мәлімдеуінше, 18,7 млрд теңге сомасында 5 жергілікті мемлекеттік – жекеменшік әріптестік жобалары жоспарланып отыр.
Иә, уақыт өте талапқа сай ғимарат салынып, қосымша оңалту орталығы да ашылар. Ең бастысы, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту орталығында ем қабылдай жүріп, жанын жіті түсінетін, өзі секілді тағдырлас, мұңдас жандарды тауып, жақын араласу, достасу арқылы да қоғамның белсенді мүшесі екенін сезінуде.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ