Түркістандағы ойын-сауық орындары мен 40-қа тарта дәмхана түнгі сағат 23.00-ден кейін жұмысын тоқтатуы тиіс. Қала әкімі Әліпбек Өсербаев жеке кәсіпкерлер мен учаскелік полицейлердің қатысуымен өткен жиында осылай деп тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қаладағы қоғамдық орындарда 451 қылмыс дерегі тіркелген. Оның ішінде, көшедегі 219 қылмыстың түнгі мезгілде, мас азаматтардың қатысуымен болғаны анықталып отыр. Өзгенің тыныштығын бұзуға, кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан осы мәселені ретке келтіру керек. Мысалы «Эдем» кафесінде ағаштан жасалған екі қабатты жаздық орын бар. Ол сыр беріп, адам шығынына әкелмесіне кім кепіл», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.
Қала басшысы тиісті сала мамандарына кафелердің құжаттарының заңдылығын тексеруді қатаң тапсырды. Сонымен бірге, заң талаптарына бағынғысы келмейтін кәсіпкерлерге заң аясында шара қолданылатынын атап өтті.
Мәжілісте аталған қоғамдық мәселе төңірегінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханова жақын күндері жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шара өткізу жоспарланып отырғандығын айтты. Ал, жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Б.Янкин кафелердегі спирттік ішімдіктердің лицензиясы бар-жоғын, кәмелет жасына толмағандарға сатылмауын қадағалау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.