03 нау, 2020 сағат 22:20

Түркістандағы Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи - мәдени қорық-музейінің маңызды объектісі - Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды. Биыл тарихи орынды зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына ерікті жастар да атсалысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ЖШС қолға алған жоба «ERG» корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асуда. Жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған.

27 га аумақты алып жатқан қалашықтың қалпына келтіру жұмыстары әр жылға 9 гектардан бөліп қарастырылған. Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталған. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар (Құран кітабы болуы мүмкін) табылған.

Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтірілмек. Бұл табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді.

2020 жылы археологиялық зерттеулерге сәйкес №2 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілмек.

Айта кетейік, Күлтөбе қалашығында алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған.

Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келген.

2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынған. Ал, өткен жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастаған.

Қалашықтың тарихи объектілерін қалпына келтіру жобасы 2019 жылы бастау алып, 200-ге жуық жұмысшы жыл көлемінде көптеген маңызды объектілер мен жәдігерлерді зерттегені белгілі.