Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті студенттерді қабылдауға дайын емес. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Әлімжан Құртаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Жаңа университет Қазақстан Республикасында туристік қызметті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылды. Түркістан қаласы - тегі бір, тарихы ортақ түркі елдерінің түп қазығы. Бүгінде Түркістан исі мұсылман елдері үшін ғана емес, дүниежүзі халқы үшін де қадірлі мекенге айналған. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 1 млн астам адам келеді, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 млн жуық турист келеді деп жоспарлануда. Туризмді дамытып, саяхатшыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында, Туризм және қонақжайлылық саласындағы мамандарды даярлау үшін Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі алғашқы мамандандырылған университетті ашудың маңызын атап өткен жөн», - деді сенатор.
Оның айтуынша, университет түлектері халықаралық стандарттың қос дипломын - қазақстандық және шетелдік серіктес университеттен алады.
«Түркістан қаласындағы жаңа Халықаралық туризм университеті биылдан бастап талапкерлерді қабылдады. 2020-2021 жылғы оқу жылына 800 грант бөлінген. Алғашқы 588 студент 6 білім бағдарламасы бойынша оқуды бастады. Коронавирус пандемиясы іс жүзінде үлкен жанжалдан құтқарды деуге болады. Себебі аталған студенттер онлайн режимде оқып жатыр. Бізді таң қалдырған жағдай - осы уақытқа дейін аталған университет ғимараттарын жабдықтауға бюджет қаражатын бөлу мәселесі шешілмегендігі болып отыр», - деді ол.
Сенатор дерегінше, Түркістан облысының әкімдігі 4 ғимарат бөлген. Оның екеуі - жаңа болса, екеуі - жөндеуден өткен бұрынғы ғимараттар. Бүгінгі таңда ғимараттар қаңырап бос тұр.
«Білім министрлігінің болжамына сәйкес, келесі оқу кезеңінде студенттер оқу орнына барып, дәстүрлі форматта оқиды. Бірақ Халықаралық туризм және меймандостық университеті студенттері бұл жағдайда қалай оқымақ?», - деген Әлімжан Құртаев Үкімет басшысынан осы мәселені шешу үшін қаражат бөлуді сұрады.