11 там, 2022 сағат 22:55

Түркістандағы этнос өкілдері тарихи-мемориалдық мұражайлардың құнды жәдігерлерімен танысты

 

Бүгін Түркістан өңіріндегі этнос өкілдері «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы аясында Түркістан қаласындағы тарихи-мемориалдық мұражайлармен танысты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері және облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Шара барысында қатысушылар Н.Оңдасынов атындағы музейі мен Н.Төреқұлов атындағы музейіне экскурсия жасады. Бұдан соң, шаһардағы С.Ерубаев атындағы музей мен «Ұлы Дала Елі» орталығына барып, тарихи жәдігерлермен танысты.

«Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында: «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз» деген болатын. «Қазақтану» жобасы елімізде мекен ететін этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Бүгінгі шарада этнос өкілдері бірнеше музейге барып, білім көкжиегін кеңейтіп, көптеген тың деректерге қанық болды. Іс-шара болашақта да жалғасады», – деді «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Е. Баетов.

Шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, естелік суретке түсті.