Түркістандық полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған тұрғындарды жауапкершілікке тартты. Түркістан-Шымкент айналма тасжолында ереже бұзғандар жолдың қарсы бетіне шығып, көліктің терезесінен шығып отырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желілерде көшенің қақ ортасында жол қауіпсіздігі ережесін бұзып, жүгенсіз жүрген бірнеше автокөлік жайлы бейнежазба тараған болатын. Аталған бейнекөрністі тексерген полицейлер бұл оқиғаның Түркістан қаласында болғанын анықтаған.
Тәртіп бұзушылардың кім екенін анықтау мақсатында Түркістан полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізіп, кінәлі жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Тойота камри» жүргізушісіне қатысты 5 хаттама толтырылды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 230-бабы 2 бөлігі, 590-бабы 2 бөлігі және 595-бабы 1-бөлімі, 593-бабы 1 бөлігі және 596-бабы 3 бөлігі бойынша жазаланады. Ал, «Ауди» маркалы көліктің жүргізушісі кодекстің 593-бабы 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, хаттама түзілді. Автокөліктер айып тұрағына қойылды» делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде осы құқық бұзғандардың арасында полиция қызметкері бар деген ақпарат тараған болатын.
Қазіргі таңда бұл жәйт бойынша да облыстық полиция департаменті жеке қауіпсіздік басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.