Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінің
қарсаңында 1986 жылы өткен желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті.
Аталмыш шараға желтоқсан оқиғасына қатысып, зардап шегіп,
қудаланған және заң аясында ақталған Түркістан облысының бірқатар азаматтары
мен облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары қатысты.
Қатысушылар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кекенесіне барып,
бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Арнайы жиын барысында сөз алған
желтоқсан қаһармандары С.Ахметов, М.Битаева, Т.Джамбуршиевтер бұл жиынның ұрпақ
тәрбиесі алдындағы маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта мұндай оқиғалардан
сабақ ала отырып, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын бірлесе атқаруға шақырды.
Ұйымдастыру алқасының атынан өлшеусіз ерліктері мен
қоғамның дамуы жолындағы істеріне алғыс айтылып, облыс әкімдігінің алғыс
хаттары мен сый-сияпаттары табысталды.
Айта кетсек, бүгін Түркістан облысы, Арыс қаласында
орналасқан «Мәңгілік ел» аллеясында Желтоқсан құрбандарының рухына гүл шоқтарын
қою рәсімі өткен болатын. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, әкім
орынбасарлары мен бөлім басшылары, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар,
ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары
қатысты.
Жиында сол күндердің куәгерлері естеліктерімен бөлісіп,
желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды.
Бұдан кейін қалалық мәдениет үйінде балалық шағы саяси
репрессияға, сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келген, сатираның сардары атанған қазақ
әдебиетінің қайраткері Садықбек Адамбековтың «Желтоқсандағы қара түн» спектаклі
қойылды.
Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының
шындығын көрсететін қойылымды көрермендер бір деммен көріп шықты. Қалалық
мәдениет үйінің әртістері спектакльді аса жоғары жауапкершілікпен орындап,
көрермендер қошеметіне бөленді.
Мәдениет үйіне жиналған жастар мен орта буын өкілдері,
тіпті ардагерлерге де естен кетпес әсер сыйлағаны үшін өнер ұжымына өз
ризашылықтарын білдірді.