Түркістанда жасөспірім қыз анасы телефон алып бермегені үшін үйінен кетіп қалған. Полиция қызметкерлері 13 жастағы қызды тауып, анасына тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына кешкі сағат 19:00 шамасында жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйелдің айтуынша, күндізгі сағат 12:00 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткен. 13 жастағы жасөспірім қыздың анасы өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Полицейлер ақпарат алысымен бірден іздеу жұмысына кірісті. Жас қыздың баруы мүмкін деген жерлерді қарап, жақын достарынан, туыстарынан сұрастырды.
Соның нәтижесінде тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, оны саябақта достарымен қыдырып жүрген жерінен тапты. Тексеру барысында жас қыз анасына телефон алып бермегені үшін ренжіп, үйінен шығып кеткен. Содан достарының үйінде түнегені белгілі болды.
Қазіргі таңда жас қыз аман-есен анасына тапсырылды. Іздеуге атсалысқан полицейлерге анасы алғысын білдірді. Сонымен қатар үйінен себепсіз қашып кеткен қыз бен оның анасына профилактикалық әңгімелесу жүргізілді.