Түркістан қаласындағы Шығыс моншасы, Визит орталық, Жеңіс саябағы секілді жаңадан салынған ғимараттар сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы ғимараттардың сатылып жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын. Қала әкімінің айтуынша, олар сатылған жоқ, сенімгерлік басқаруға берілген.
«Әлеуметтік желіде де, халықтың арасында да бұл жағдай үлкен резонанс тудырды. Мұны дұрыс түсіну керек. Сенімгерлік басқару дегеніміз - жекеменшікке беру емес. Келісімшартқа орай, нысанды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Оған бюджеттен қаржы жұмсалмайды», - деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сондай-ақ, қала әкімі алдағы уақытта сенімгерлік басқаруға аллеялар мен саябақтар да берілетіндігін айтты.
«Мемлекет тарапынан салынып жатқан ғимараттарды күтіп ұстау оңай шаруа емес. Мәселен, «Жібек жолы» саябағын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер өз бизнесін жүргізеді, әрі халыққа қызмет көрсетеді. Ең бастысы, нысанды күтіп ұстайды. Егер талаптарды орындамаса, келісімшартты біржақты бұзамыз», - деді әкім.