Түркістанда жаңадан салынып жатқан нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық көгалдарды (скверлер мен аллеялар) көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшалары салынуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаладағы бұрынғы «Селмаг» су қоймасының орнынан бой көтеретін «Жастар аллеясы» қала жастарының демалысы үшін тиімді әрі қолайлы орын болмақ. Мұнда спорт алаңдары (теннис корттары, волейбол, баскетбол алаңшалары) мен демалыс бастырмалары, субұрқақтар салынып, абаттандырылады. Қазіргі таңда 3,3 гектар жерді құрайтын аллеяның аумағы тегістеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Ескі су қоймасының құбырлары ауыстырылып, траншеялар қазылуда. Су бұрқақтар құрылысы басталып, бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, демалыс орнының алдында арнайы автотұрақ салынады деп жоспарланған.