Түркістан қаласындағы мұғалімдер арасындағы қалалық
спартакиада өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы
әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аптаға созылған жарыстың қорытындысы бойынша Ә.Науаи
атандағы №13 мектеп-гимназиясының ұстаздары жалпыкомандалық есепте спорттық
бәсекенің жеңімпазы атанды. ІІ орынға Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы
қол жеткізсе, Р.Исетов атындағы №20 мектеп ұжымы ІІІ орынға табан тіреді.
Жарыстың жабылу салтанатына арналған қорытынды кешке
арнайы қатысқан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл
Қолдасова мен қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің
төрайымы Гүлмира Турежанова жүлдегерлерді марапаттады. Сонымен қатар сайыс
жеңімпаздарына ауыспалы кубокті табыстады.
«Барлығыңыз спартакиадада белсенділік танытып,
жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге
шығармашылық табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін. Араларыңызда ерекше көзге
түскен, үздіктерден құралған команда облыстық спартакиадаға қатысады. Рухани
астанамыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін», –
деді қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.
Еске салсақ, спорттық додаға шаһардағы мектептерден
жасақталған 32 команда қатысқан болатын. Нақтырақ айтқанда, түркістандық 500-ге
жуық ұстаз – үстел теннисі, волейбол (ерлер және әйелдер), шахмат, кіші
футболдан сынға түсті.