18 қаң, 2019 сағат 15:11

Түркістанда тарихи мұраларды қорғау жөнінде көшпелі отырыс өтті

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік - мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырыс жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары - Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері мен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түмебаев, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, сарапшылар және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.

Көшпелі отырыста тарихи-мәдени мұраны қорғау мен оны кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралды. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары талқыланды.

Заң жобаларында тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен оларды есепке алу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу мен нысандарды құжаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Депутаттар және Комитет отырысына қатысушылар бүгінгі таңда көптеген жаңадан анықталған тарихи және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген объектілердің сақталуы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейтінін атап көрсетті.

Мәселен, елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері бар болса, олардың 11 мыңға жуығына тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген. Бұл нысандар бүгінде тиімді пайдалануды, ұтымды басқаруды және оларды сақтау мен қорғау бойынша заң, әкімшілік шараларды қамтамасыз етуді талап ететін жалпыұлттық мәдени байлық болып табылады.