Бүгін Түркістан қаласында «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы мен «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы ашылды. Салтанатты шараға елімізбен қатар Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикалары ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайықталған залы бар. Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады. Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «TÚRKІSTAN MEDIA»Түркістанның Түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық орталығына айналуына серпін беретінін жеткізді.
«Түркістанға келіп жатқан БАҚ өкілдеріне жағдай жасауды қарастырып, осы орталықты ашып отырмыз. Орталықта Қазақстан мен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады. Осы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік әлеуеті жоғарылап, инвестициялық тартымдылығы артады деген сенім бар», - деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Қазақстандық және шетелдік БАҚ басшылары медиа орталықтың тұсауын кесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Осындағы жас журналистермен және студенттермен кездесіп, пікір алмасты.
Айта кетейік, «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізіліп тұрады. Еліміздің интеллектуалды тұлғалары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салады. Бұл кездесулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсетіледі.
Сондай-ақ «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубының бірінші отырысы өтіп, алғашқы спикерлер ретінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен танымал публицистер Түркістанның дамуы жөніндегі ойларын ортаға салды.