18 қар, 2022 сағат 19:19

Түркістанда суға жүзуден республикалық жарыс басталды


Бүгін Түркістан қаласының құрметті азаматы Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған суға жүзуден республикалық турнир басталды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Турнирге Түркістан өңірінің спортшылары мен Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларынан келген дарынды саңлақтар күш сынасуда.

Су айдынында 150 спортшы жарыс жолына шығып, бақтарын сынауда. Келешекте еліміздің көк байрағын талай әлемдік додаларда желбіретуді мақсат еткен Сәулет Рахманберді бұл жарысқа жоғары дайындықпен келгенін айтады. Ол бұл турнирде 50 метр брасс әдісімен бас жүлде иеленіп, алтын медаль жеңіп алды.

Жарыстың ашылу салтанатына арнайы келген Түркістан қаласы әкімі орынбасары Байдулла Оразбеков пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Екі күнге созылатын жарыс Түркістанда әлемдік аренаға алып шығар орталық су спорт кешенінде аса тартысты өтіп жатыр. Кешеннің директоры Ғалымжан Хұдияров та жарыстың маңыздылығына тоқталды.

Сайыстың бас төрешісі Нұрлыхан Көшербаевтың айтуынша, спортшылар жүзудің еркін, шалқалай, брасс әдісі, батрфляин әдісі, кешенді жүзу бойынша сынға түседі. Тартысты додаға 2008-2009, 2010 және одан кіші жасөспірімдер қатысуда. Республикалық жарыста Түркістан облысының намысын талантты жерлестеріміз Айша Хайдарова, Балауса Рахматулла, Ардақ Қожахмет, Аянат Бостан, Арзу Рахимжанова сынды өрендер қорғауда.