15 жел, 2022 сағат 19:03

Түркістанда Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай халықаралық симпозиум өтті


Бүгін Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында қазақ әдебиеті мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өтті.

Келелі басқосуға республикамыздың өңірлерінен, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген ғалымдар, қаламгерлер және Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл облыстарының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Халықаралық симпозиумға келушілер алдымен «Шерхан Мұртаза-90» экспозициясын тамашалады. Басқосудың ашылуында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шерхан Мұртазаның жазушылық, журналистік және қайраткерлік қырларына кеңірек тоқталды.

«Шерхан Мұртаза – қатардағы жазушы, журналист емес, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға. Өзінің әр мақаласымен, әрбір әңгімесімен, повесть, романдарымен халыққа қалтқысыз қызмет етті. Бүгінгі шараның Түркістан төрінде өтіп жатқандығы да бекер емес. Ол түркішілдік рухы өте биік тұлға болатын. «Егемен Қазақстан» газетінде өзінің авторлығымен жарияланған алғашқы мақалаларының бірі де осы қастерлі Түркістан төңірегінде еді. Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында көрнекті қаламгерді Түркістан облысында еске алып отырмыз. Тәуелсіздік күні – бүкіл Қазақ елінің, оның ішінде халық жазушысының да арманы-тұғын. Сол үшін қаламын қару етіп, ел мүддесі жолында аянбай күресті, саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады», - деді қаламгердің «Ай мен Айша» романын түрік тіліне аударған Мәлік Нұржанұлы.

Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген Шерағаның ұлттық баспасөздің дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.

«Ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза Түркістан өңірін түркі халықтарының рухани орталығына айналдыру жөнінде алғаш бастама көтергендердің бірі болды. Қайраткер қаламгердің көптеген шығармаларына Оңтүстіктің таңғажайып табиғаты арқау болғанын көпшілік біледі. Сондықтан да біз Шерағаны Түркістаннан, Түркістанды Шерағадан бөліп қарай алмаймыз. Қалың оқырманның көңілінен шыққан жазушының мерейтойына арналған шаралар бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасады», - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Симпозиумда белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан шындықтың шырақшысы атанған сөз зергерінің елге сіңген еңбегін айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті.

«Біз Шерағаңның шекпенінен ғана шыққан жоқпыз, Шерағаңның университетінен тәлім алдық. «Егеменде» бірге қызмет еткенде нартұлғаның қаламынан туған «Қайта оралған қандастар» деген айдар болды. Сол айдармен бірнеше мақала жарияланды, қиырда жүрген қаншама ағайын елге құт болып қосылды. Түйіп айтқанда, ардақты Шерағаңмен бірге газетке жаңа леп келді, ұлттық болмыс пайда болды. Әсіресе, қазақи бояуы қанық мақалаларға басымдық берді. Қаламгердің ерекшелігі, өнегесі, міне, осында», - деді Қайнар Олжай.

Сондай-ақ жазушы аудармашы, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі және әдебиеті университетінің ғалымы Қазақбай Йулдашев, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Келдібек Қойлыбаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков, әдеби аудармашы, «Бір кем дүние» жинағын өзбек тіліне аударған Далымжан Сайфуллаев, Түркиядағы Гази университетінің профессоры, әдебиеттанушы-ғалым Жемиле Кынажы және түрколог, Баку мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Малейка Мирзали zoom жүйесі арқылы жазушының шығармашылығы туралы пайымды пікірлерін, тұшымды ойларын ортаға салды.

Мазмұнды жиынға Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.

Симпозиум аясында бұған дейін «Шерхан Мұртазаның прозасы мен публицистикалық шығармаларын талдау» тақырыбында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.