Бүгін Түркістан қаласында өткен «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференцияда бірқатар ғалымдар мен қайраткерлер және БАҚ өкілдері марапатталды.
Биыл көне түркі жазуының алғаш оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай, жазуды алғаш оқыған ғалымның атындағы сыйлық әзірленген болатын. Туркология саласына ғалым әрі саясаткер ретінде еңбек сіңіре білген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа осы Вильгелм Томсен медалы салтанатты түрде тапсырылды. Өңір басшысымен бірге 4 ғалым аталған медальмен марапатталды.
Конференцияда Түркі тілдес халықтардың бірлігін, білім, ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне TWESCO-ның Исмаил Гаспыралы атындағы медиа сыйлығы тапсырылды. Аталған сыйлық биыл «Баспасөз» «Телеарна» және «Ақпарат агенттігі және интернет» аталымдары бойынша 6 азаматқа берілді.
Сонымен қатар, Түркі дүниесіне қатысты жаңалықтар мен елеулі оқиғаларды масс-медиада ұдайы көрсетіп, түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы байланыстарын нығайтуға үлес қосып жүрген журналистерге TWESCO-ның Алғыс хаттары табыс етілді.
TWESCO биыл ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткізген форумда бірқатар шешімдер қабылдады. Атап айтсақ, 2018 жылды ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мағжан жылы», ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты «Айтматов жылы» және түркі жазуының алғаш оқылуының 125 жылдығына қатысты «Түркі жазуы жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, аталған бағыттарда жүзеге асырылған жобаларға атсалысқан ғалымдар мен қайраткерлер Академия тарапынан қолдауға ие болады.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысқан қазақстандық және шетелдік делегаттар Түркістан облысының қасиетті орындарын аралап, Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Тарихшылар мен ғалымдар және филологтар «рухани және ғылыми салаларға қолдау көрсету жалғасын тапса, Түркістанның болашағы жарқын болады» дей келе конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырған Түркістан жұртшылығына ризашылықтарын білдірді.