19 қар, 2022 сағат 19:15

Түркістанда «отбасыңмен он тал ек» эко-акциясы жалғасуда


Түркістандықтар жасыл желектің жайқалуына отбасымен үлес қосуда. Бүгін қалада тұрғындар сенбілікке шығып, ағаш отырғызды.

Науқанға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және де ардагерлер кеңесінің мүшелері де қатысты.

Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауда ұжымдық жауапкершілік қалыптастыру, тұрғындарды ағаш егуге жұмылдыру арқылы табиғатты қорғауға ынталандыру, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға түркістандық тұрғындар белсенділікпен атсалысуда.

Эко-акция аясында «Яссы», «Отырар», 1,2 мөлтек аудандарында, «Денсаулық» саябағында, Кентау тас жолында және балабақша, мектеп аулаларында 57732 түп қарағаш, үйеңкі, тұя, өрік, қарағай көшеттері отырғызылды.

Облыс орталығында акция аясында алты секторда ағаштар отырғызу жоспарланған еді. Атап айтсақ, Тұран ауылы, Барақ сұлтан көшесі бойындағы балалар ойын алаңшасы, Оралман ауылы, І.Қожабаев көшесі мен Т.Бокин көшесіндегі екі қабатты үйлердің ауласы, Отарбаев көшесі, Орынбетов көшесі, Түркістан қалалық балалар ауруханасы, «Ақ жайық» музыкалық мектебі, Түркістан қаласы №1 қалалық емханасы мен «Денсаулық» саябағы, Оқушылар сарайы, А. Байтұрсынов атындағы №1 мектеп лицейі, «Отырар» шағынауданындағы көпқабатты үйлер ауласында және басқа да аумақтарда ағаш егу жұмыстары ұйымдастырылуда.

«Былтыр бастау алған акция ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауда ұжымдық жауапкершілік қалыптастыру, тұрғындарды табиғатты қорғауға ынталандыруға серпін берді. Акция жас ұрпақ арасында салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау мақсатында биыл да ұйымдастырылуда», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Еске сала кетейік, шаһарды көркейту және көгалдандыру бағытында ұйымдастырылған акция 25 қарашаға дейін жалғасады.