Түркістан қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлік палатасы филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нүкенов, өңірлік кеңес төрағасы Қ.Абасов және облыстың бизнес өкілдері қатысты.
Шарада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нүкенов облыстық кәсіпкерлік палатасы ғимаратының ашылуымен құттықтады. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры О.Қаржауов қонақтарды палата кеңсесімен, онда көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нүкеновтің айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасының ашылуымен өңірдегі кәсіпкерлік саласының сапалы және сандық өсуі едәуір ұлғаймақ, бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов іс-шара аясында өңірлік кеңес отырысын өткізіп, заманауи, ыңғайлы жұмыс кеңістігін және облыстың бизнесіне ыңғайлы орналасуын бағалап, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұжымына сәттілік пен жемісті еңбек тіледі.
Айта кетейік, 2018 жылғы 5 қазандағы ҚР «Атамекен» ҰКП бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы болып қайта өзгертілген болатын. Мұнда жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау бөлімдері кәсіпкерлерге қызмет етеді. Сондай-ақ, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да іске қосылған. Бұрын кеңесшілермен ұсынатын қызметтердің көпшілігін онлайн режимінде алуға болады. Кәсіп үйренемін деушілерге кәсіпкерлік негіздерін үйрететін бизнес мектеп те жұмыс жасауда.
«Палата Түркістан облысы кәсіпкерлеріне үлкен қолдау көрсетеді. Басты мақсатымыз кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Үкімет пен билік өкілдері арасында іскерлік келіссөздерді күшейтуге, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу процесінде кәсіпкерлерді тартуға бағытталған», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов.
Қуаныш Тасыбаев