Бүгінгі таңда Түркістан қаласында өңірлердің, ұлттық компаниялар мен бизнестің қатысуымен 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қаланың рухани-мәдени орталығында 10 нысанның ғимараты салынуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәселен, әкімшілік-іскерлік орталықта 16 нысан тұрғызылады деп жоспарланған. Олардың ішінде облыс әкімдігі, басқармалар, департаменттер, конгресс-орталығы, медиа-орталығының ғимараты, Нұр-Сұлтан алаңы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп, сандық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, Смарт сити байланыс жүйесі, олимпиада резервінің спорт мектебі, қалалық саябақ, туризм колледжі және халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттары бар.
Сонымен қатар, қаланың рухани-мәдени орталығында 10 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап өтер болсақ, музыкалық субұрқақ, шығыс моншасы, Неке сарайы, «Ұлы дала елі» орталығы, драма театры, қабылдау орталығы, Қ. А. Яссауи атындағы мұражай, ғылыми-әмбебап кітапханасы, «Ұлы Жібек жолы» қолөнершілер орталығы және амфитеатр. Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін 11 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Нысандардың құрылысы екі ауысымда жүргізілуде.