Фото: Төлеби ауданы әкімінің аппараты
Түркістанда Мемлекеттік Туды теріс ілгендер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға 15 тамызда болды. Түркістан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесінде сахнадағы лед-экраннан фон ретінде көрсетілген Мемлекеттік Тудың суреті теріс қарап қалған.
Аталған жағдай әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, сыналды. Ал іс-шараға жауапты Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы бұл жағдай бойынша жауапты мамандарға шара қолданылатынын айтып, халықтан кешірім сұрады.
«Ауқымды іс-шарада сахна төріне қойылған баннер эскизінің орналасуында техникалық қателік орын алған. Олқылыққа жол берген баспахана басшылығына ескерту жасалып, кәсіпкерлер палатасының жауапты қызметкерлері тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол берілмейтіндігін мәлімдей отыра қазақстандықтардан, Түркістан өңірінің жұртшылығынан кешірім сұраймыз» - делінген Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.