Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы "Жеті Таңдыр" мейрамханасынан өрт шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазнетте жанып жатқан мейрамхананың видеосы тарады. Желі қолданушылары өрт "Керуен-сарай" аумағында басталғанын жазып жатыр. Бірақ Түркістан облысының әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт "Керуен-сарайда" емес, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында болған.
"16 маусымда сағат 11.48-де Түркістанда "Әзірет-Сұлтан" қорық мұражайының қорғалатын аумағынан тыс орналасқан екі қабатты "Жеті тандыр" кафесінің 2-қабатынан өрт шықты. Өрт басталғаннан алты минут өткен соң ТЖД-ның алғашқы қызметкерлері келді. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, кафенің "Керуен сарай" ойын-сауық кешеніне қатысы жоқ", - деп жазды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Ал ҚР ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге Түркістан облысы ТЖД, апаттар медицинасы орталығының 28 қызметкері мен 11 техникасы жұмылдырылған.
"Өрт сағат 12.50-де оқшауланды. Өрт көлемі нақтыланып жатыр. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылды. Әкімшіліктің айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін келушілер ғимараттан өз бетінше шығып кеткен. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ", - делінген хабарламада.