сурет ашық дереккөзден алынды
Түркістандық полицейлер жоғалған 5 сынып оқушысын іздестіру бойынша жаңа ақпарат алды, деп хабарлайды ІІМ Telegram-арнасы.
Еске салайық, жергілікті тұрғын Полиция басқармасына арызданып, кәмелет жасына толмаған қызының 25 наурызда сағат 17:00 шамасында үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген еді.
"Әйелдің арызы бірден тіркеліп, ПД бастығының тікелей тапсырмасымен із-түссіз жоғалған қызды табуға жеке құрам жұмылдырылды.
Полиция бірнеше күннен бері, күндіз-түні Інжу Ескерместі іздеп жатыр. Көмекке қала тұрғындары, еріктілер, білім ошақтарының ұжымы қосылып, қызметтік иттер, дрондар қолданылды" - делінген хабарламада.
Жедел басқару орталығына қосылған бейнежазбаларды зерделеу барысында Інжудің аулада ойнағаны, одан соң жол бойымен белгісіз бағытта кетіп бара жатқаны анықталған.
"Інжумен бірге ойнаған көрші қызбен бірнеше рет тілдесу арқылы, екеуінің бірге су ағып жатқан каналға барғаны, Інжу сумен ойнағысы келіп, абайсызда каналға құлап кетіп, шыға алмай қалғаны белгілі болды.
Қазір полицейлер осы бағыт бойынша қайта жоспар құрып, іздеу жұмыстарына ТЖ қызметкерлерін шақырды. Іздеу жалғасып жатыр" - дейді полиция өкілдері.