Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан
Қыдырәлі Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы
Ғұламалар кеңесінің ХХXV мәжілісіне қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Дархан
Қуандықұлына Ғұламалар кеңесінің жұмысы жайлы баяндады.
«Біз жыл басынан бері сіздердің қолдауларыңызбен
тарихи бастамаларды жүзеге асырып келеміз. Атап айтқанда, Қазақстан
мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құрдық. Бірнеше облыста
аймақтық ақсақалдар форумын өткіздік. Ағарту саласы бойынша бірнеше кітаптар
оқырманға жол тартты. Биылғы «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында
әртүрлі форматта форум өткіздік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан
Сарапшылар кеңесін құрдық. Бұл бастама мемлекет және қоғам тарапынан үлкен
қолдауға ие болуда», – деді Бас мүфти.
Дархан Қыдырәлі бүгінгі таңда мүфтият қоғамда
беделді, ықпалды, іргелі құрылымға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Діни
басқарма халықты бірлік пен игілікке үндеуде үлкен іс-шаралар атқарып келе
жатқанын тілге тиек етті.
Министр өз сөзінде жастарды деструктивті діни
ағымдардың ықпалынан сақтандыру, білімді, тәжірибелі діни мамандарды даярлау,
медресе-колледждердің оқу бағдарламасын, техникалық базасын жетілдіру,
шәкірттерге шешендік өнерді, дін психологиясын үйрету, ақпараттық бағыттағы
жұмыстарды жандандыру т.б. мәселелерге назар аударды.
Айта кетсек, Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісінде
«Зейнетақы қоры жинағынан зекет беру үкімі», «Мәйіттің денесін тілудің үкімі»,
«Сюцайдың шариғи үкімі», «Дәрігердің нұсқауынсыз трамадолды қолданудың үкімі»,
«Қан донорлығының үкімі», т.б. пәтуалардың мәтіні талқыланды.
Басқосуда бұдан бөлек «Ұлттық құндылықтарды
насихаттаудағы ҚМДБ рөлі», «Бабалар ізімен: Қазақстандағы мұсылмандық мектеп»,
«Ислам энциклопедиясы» еңбектері мен құжаттардың мазмұны қаралды.