Түркістандағы «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам
қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Дінмұхамед Ахметұлы
Қонаев және оның дәуірі» танымдық конференциясы өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің
баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен
зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері, ел ағалары мен
жастар қатысты. Қонақтар «Алты алаштың Алатауы» атты кітап көрмесін және
«Оңтүстікфильм» мекемесінің деректі фильмін тамашалады. Түркістан облысының
әкімі Дархан Сатыбалды көрнекті мемлекет қайраткері туралы ой қозғап,
конферецния жұмысына сәттілік тіледі.
«Қазақ халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек
тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Парасаты биік тұлға ұлтқа қызмет
етудің үлгісін көрсете білді. Көркем мінезімен, қарапайым болмысымен, аңызға
айналған адалдығымен ел жүрегінде мәңгі қалды. Жоғары жауапкершілік пен терең
білімінің арқасында өнеге болған еңбек жолында халықтың қолайлы өмір сүруіне
мүмкіндік тудырды. Сол уақыттарда да біздің өңірге де өзгеше серпін беріп,
игілікті істер атқарды. Дінмұхамед Ахметұлы Түркістанға келген сайын Ясауи
кесенесіне барып құран бағыштауды әдетке айналдырған екен. Бүгінгі Түркістанды
дамыту жұмыстары сол уақыттардағы қасиетті қаламызға деген ерекше қамқорлықтың
заңды жалғасы деп білемін. Сондықтан бұл шараның қасиетті қаламыздың төрінде
өтуі», – заңдылық деді Дархан Сатыбалды.
Конференцияны еңбек ардагері Исмат Тұрсынқұлов жүргізіп
отырды. Жиында қоғам қайраткерінің мемлекетті дамыту жолында атқарған істері,
азаматтық болмысы кеңінен сөз болды. Белгілі журналист, «Қонаевтанушы» Ораз
Қауғабаев «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың он екі қасиеті және Қонаевты
ұлықтаудың жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Тұлғаның адалдығы, қолы мен
ары таза болғанына тоқталып, қайраткердің туған күні және өмірден өткен күніне
орай еске алу және танымдық іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері,
экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден Дінмұхамед Ахметұлының
инженерлер мен ғалымдар, жұмысшылар легін даярлап шығудағы ерен еңбегін атап
өтті. Көшбасшы атында мемлекеттік сыйлық тағайындалса деген ұсынысын жеткізді.
Ал Д.А.Қонаевтың кеңесшісі болған, генарал-лейтенант Аманкелді Шабдарбаев Димаш
атаның қазақ қаламгерлеріне, руханиятына, жастарына қорған болғаны туралы тың
деректерді тілге тиек етсе, өзге де еңбек ардагерлері мен қатысушылар
естеліктер айтты. Елге көшбасшы болған азаматтың ел есінде мәңгі сақталатынына
сенім білдірді.
Жиында Халықаралық Д.Қонаев қоғамдық қорының президенті
Эльдар Қонаев бірнеше азаматқа Д.Қонаевтың 110 жылдығына арналған орденді
тапсырды.
Түркістан төріндегі келелі мәжілісте айтылған түрлі
ұсыныстар мен көтерілген бастамалар конференцияның хаттамасына енгізілді.