06 мам, 2022 сағат 13:35

Түркістанда бас қосқан дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады - Президент


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркістан қаласында өтіп жатқан «Мүфтилер алқасы» мен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына құттықтау хат жолдады. Хат мәтінін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бауырлас Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінің Бас мүфтилеріне және құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Ата дініміз - Ислам мейірімділік, имандылық, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ, бейбітшілікті, тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға шақырады. Осы орайда, алқалы жиынға қатысып отырған дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз», - делінген Президенттің құттықтау хатында.

Басқосуда түркі әлеміндегі көпжақты қарым-қатынастардың дамуы, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайы талқыланды. 

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұған дейін киелі шаһарда Түркістан декларациясы қабылданып, «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде ресми белгіленгенін атап өтті. Түркістанның алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіндігін жеткізді. 

«Бүгінгі басқосуға Түркітілдес елдердің бас муфтилері, дін саласында сүбелі еңбек етіп жүрген ғұлама, ғалымдары арнайы қатысып отыр. Адамзат тарихының дұрыс бағытта өрбуінде Ислам дінінің алар орны ерекше. Бүгінгідей алмағайып кезеңдерде діни алауыздыққа жол бермей, Ислам тарихының зерделенуіне еңбек етіп жүрген Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта өтіп жатқан бүгінгі жиын Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға, Ислам өркениетінің жандануына мүмкіндік береді деп сенемін», - деді аймақ басшысы.