Фото: © Sputnik / Владислав Воднев
"Мәйітті жерлеу үшін оқу-сауықтыру лагерінің басшыларынан рұқсат алуға мәжбүрміз дейді" Түркістандағы бірнеше ауылдың тұрғыны. Себебі Төлеби ауданындағы үш ғасырлық тарихы бар Қақпатас қорымы 2005 жылы Балдәурен лагерінің аумағына кіріп кеткен. Содан бері жұрт "мүрдені жерге тапсырмақ түгілі, бейіттің басында құран бағыштау үшін мекеме басшыларының қас-қабағына қараймыз" дейді. Ол аздай, "мазарат маңы жынойнаққа айналып барады" деп ашынады. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Ата-бабасының басына құран бағыштауға ниетті жұрт кезекті рет оқу сауықтыру орталығының қақпасының алдында тұруға мәжбүр. Себебі, үш ғасырлық тарихы бар Қақпатас қорымына тек осы лагерь арқылы ғана баруға болады. Ал, бұл мазаратқа Нысанбек және Қайнар ауылының жұрты о дүниелік болған туыстарын қояды. Бірақ 2005 жылы жергілікті шенеуніктер лагерге жер бөлу кезінде ескі қорымды қосып бере салған.
"Сол кездегі Леңгір жер комитетінің қатесі, сол кезде былықтырды. Кадастр бөлімінін қателігі. Келіп топосъемка істемеген, әшейін сырттай істеген де, жіберген бәрін. Ал, кейін 2018-де Артек болды. Олар алған да сол госактіні көшіре салған. Ал негізі аумақты өлшеу керек" - дейді Төлеби ауданының тұрғыны Қасымхан Өмірзақов.
Қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алған соң журналға жазылып, күзеттің бақылауымен ғана жүруге болады. Сұмдығы, сол демалыс аймақтарының ортасында тұрған бейіт жынойнақтың ордасына айналды дейді. Кедергісі көп деп келушілері аз болған соң, Қақпатас қорымының бір бөлігі бүлініп, тіпті адам сүйектері көп шығады екен.
"Ұлдар мен қыздардың осы жерде жынойнақы болып жүргенін байқадым талай. Содан енді бұл әулиелі жер, мазараттың өзі жынойнаққа айналып кетті. Әлгі әруақтарды құрметтемейді. Бізге тазалық керек. Басқа керек. Қазіргі басшыларға айтарым, өлі разы болмай, тірі байымайды", - дейді Төлеби ауданының тұрғыны Бақытжан Өмірзақов.
Ал, жергілікті басшылар кезінде аудандағы шенеуніктердің былықтырғанын мойындайды. Бірақ Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің теңгеріміне кеткен 2 гектарға жуық мазаратты қайтару үшін қанша арыз жазғанымен, мардымды жауап болмай жатыр деп ақталды.
"Шешімі тек қана жаңағы аталған министрліктер барлығы отырып, бір консилиум, жиналыс жасап, ақылдасса. Нақты 28 соттық мазардың кіріп тұрғаны анық көрініп тұр. Енді ауданның арнайы жерін қайтарып, мазараттың орнына бөлек мемлекеттік акт заңдастырып беру керек, - дейді Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы.
Яғни лагерь аумағына өткен мазаратты қайтарудың машақаты көп. Ал марқұмдарды жерлеп, құран бағыштау үшін, әркімге жалынудан мезі болған жұрт Қақпатас қорымына барар жолды тау арасымен өздері салып жатыр.