14 жел, 2022 сағат 21:22

Түркістанда «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістандағы «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының концерт залында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараны Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Қорытынды кеште «Балауса» үлгілі би ансамблінің «Өнерге қанат қаққандар» атты би кеші ұйымдастырылды. Сонымен бірге байқау жеңімпаздары және өңірімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Биылғы «Балалар жылына» орай дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатындағы аталмыш өнер фестивалі Түркістан қаласында жыл бойы өткен болатын. Атап айтқанда, бұған дейін аталмыш фестиваль аясында «Кел, билейік!» бишілер байқауы, «Менің туған жерім» жас суретшілер байқауы, «Эстрадалық ән» байқауы, «Бабадан қалған асыл сөз» атты термешілер байқауы ұйымдастырылған.

Жас ұрпақтың бойына мейірімділік, құрмет, жауапкершілік сынды қасиеттерді сіңіруге бағытталған «Бал таңдай» балалар өнер фестивалінің қорытынды гала-концертінде «Балауса» үлгілі би ансамбліне Алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды.