Түркістан қаласында көпбалалы ана мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы алып беремін деп 70 адамды алдаған. Тергеу барысында алаяқ әйелдің қылмысын бұрынғы мемлекеттік қызметкермен бірге жасағаны анықталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтарды ұстауға жергілікті тұрғындардың арызы негіз болған. Өткен жылдың желтоқсанында Түркістан қалалық полиция басқармасына бір топ жергілікті тұрғындар келіп, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы алу үшін бір әйелге алданып қалғандарын жеткізген. Ол үшін тіпті сұраған ақшасын да беріп, бас-аяғы 10 млн теңгеге шығындалғанын айтқан. Осы қылмысты ашу үшін басқарманың тәжірибелі тергеушілерінен арнайы топ құрылып, жұртты тақырға отырғызған күдікті әйелдің Түркістан қаласының тұрғыны екенін анықтайды. Сондай-ақ тергеу барысында көпбалалы ананың сыбайласы ретінде бұрынғы мемлекеттік қызметкер ұсталған. Екеуіне қатысты 70 алаяқтық оқиғасы анықталып отыр. Соған қарамастан қазірдің өзінде осы сезіктілерге қатысты полицияға арызданушылар саны артуда. Бүгінгі күнге дейін олардың тағы 11 алаяқтық жасағаны анықталып, тергеу амалдары қайта жалғасуда.
Айта кетейік, күдікті әйел - 8 баланың анасы. Тұңғышы тұрмыста болса, ең кенжесі - 2 жасар. Қазіргі уақытта ол үй қамағында болса, мемлекеттік қызметтен аластатылған ер азаматқа қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.
«Барлық фактілер сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалған. Нақты дәлелін тапқан істер сотқа жолданды» делінген хабарламада.