Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында жерасты тоннелі арқылы жанармай өнімдерін шекарадан заңсыз өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Арнайы операция Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменттері және Өзбекстан құқық қорғау органдарының қолдауымен жүргізілді.
Тергеу кезінде топ мүшелері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жақын маңда ұзындығы 450 метр болатын жерасты тоннелін қазғаны анықталды. Заңсыз схема екі ай бойы жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде шетелден қаржыландырылған жанар-жағармай материалдарын тасымалдауға арналған жасырын логистикалық арна құрылған.
Операция кезінде Өзбекстан тарапы да өз аумағында қылмыстық әрекетке қарсы шаралар қабылдап, синхронды жұмыстар атқарды.
Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, Қазақстанның 5 азаматы күдікті ретінде танылды. Қазіргі таңда тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
