18 нау, 2020 сағат 21:36

Түркістан тұрғыны «коронавирус жұқтырған әйел арамызда жүр» деп жалған ақпарат таратқан

Түркістан облысында Сарыағаш ауданының тұрғыны «коронавирус жұқтырған әйел арамызда жүр» деп әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан. Өз кезегінде жәбірленуші полицияға жалған ақпарат таратушыларды жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған жайт бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Келес АПБ-ның полиция қызметкерлері 18 наурыз күні жалған ақпарат таратушыны анықтап, ұстаған. Күдікті өз әрекетін толық мойындап, жасағанына өкінгенін жеткізген. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті қолхатпен босатылған. 

Ал, желіде таралған аудиохабарламадағы әйелдің 10.03.2020 ж Мәскеу-Шымкент рейсімен Германиядан ұшып келгені белгілі болған. Әуежайда оны медицина қызметкерлері қарсы алып, Шымкент қаласындағы пәтеріне үй жағдайындағы карантинге жатқызған. Қазіргі уақытта ол амбулаториялық ем қабылдауда. Оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ екені анықталды.