14 қар, 2022 сағат 12:43

Түркістан театрында «Мағжан» спектаклінің премьерасы өтті


Түркістан музыкалық драма театрының қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. 12-13 қараша күндері Түркістан музыкалық драма театры жас драматург Алмас Нүсіптің пьесасына қойылған «Мағжан» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынды.

«Екі күн қатарынан қойылған спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты. Елімізге танымал Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Али Марат сынды театр әртістері жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елі үшін басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көрерменге жеткізе білді. Айта кетейік, премьераға арналған билеттердің бәрі сатылып кетті. Бұл – Түркістанның рухани және мәдени орталыққа айналып келе жатқанының белгісі. Түркістандағы игі өзгерістерге даңқты актер Тұңғышбай Жаманқұлов та тоқталып, жас театрдың еңбегін жоғары бағалады» дейді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Мағжан» спектаклі  идеясының  авторы және көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова,  қоюшы режиссері – Davide Livermore (Италия) режиссер – Chiara Ocella, сценограф – Eleonora Peronetti, координатор – Deidda Petra композиторы – Хамит Шанғалиев, балетмейстері – Мадина Муратпекова, грим бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова.

Өткен жылы ғана ашылған жас театрдың  актерлер құрамы да 25 жасқа дейінгі жастардан құралған. «Мағжан» пьесасын  жазып театрға ұсынған жас драматург – Алмас Нүсіп. Рольдерде ойнайтын актерлердің дені жастар. Мағжан Жұмабаев өзі жырлап өткендей, «Мен жастарға сенемін» идеясы Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында жалғасын тауып отыр десек артық айтқандық емес. Жастар – болашаққа бастар нақты істердің темірқазығы. Жастар қолдауы – мемлекеттің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш.

Мағжан Жұмабаев – алаш қозғалысының қайраткері, ұлы ақын, ғалым, аудармашы. Ол  ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған тұлға. Мағжан өлеңдерін  әлеуметтік мәселелерді көтеруге, халқын өнер-білімге шақыруға, махаббат тақырыбына арнады Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Мағжан Жұмабаев ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғады, оны өз поэзиясының өзегі етті.

Түркі халықтарының бірлігі – Мағжан поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы болды. Ағартушылық саласындағы  өмірі, махаббаты, ұлтқа  адал қызметі, қазақ даласын жайлаған аштық(1921-22 жылдар) «Мағжан»  спектаклінің тақырыбы. Көрермен спектакльден  жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр хәлі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көреді.

Спектакльдің ғылыми кеңесшісі: ҚР ҰҒА Академигі, тарих ғылымдарының доқторы, алаштанушы, профессор Мамбет Қойгелдиев. Ролдерде ойнайтын әртістер: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров, ҚР Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Зарина Карменова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарабалин Сағызбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, Әли Марат, Әйгерім Қайратқызы және Түркістан музыкалық драма театрының артистері. Декорация  заманауи құрылғылармен жабдықталған, шынайы. Сахналық киімдер, реквизиттер шебер мамандардың арнайы дайындауымен жасалды. Спектакльге қазақтың қара домбрасының үніне негізделген эксклюзивті музыка  жазылды.