Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аймақ басшысы топ құрамын бастап келген ЮНЕСКО-ның Париждегі тарихи қалалық ландшафттар жөніндегі кеңесшісі Кристина Иамандиге өңірдегі жаңалықтардың жайын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі кездесу барысында делегация өкілдеріне Түркістан облысының қайта құрылып, жаңарған тұсында келгеніне ризашылығын білдірді.
«Түркістан облысы мен ЮНЕСКО-ның өңіріміздің әлеуетін арттырып, одан әрі дамытуда мүмкіндіктері зор деп білем. Жылдың басында біз Сіздермен «Музей ісі» мамандарын оқыту бойынша бірлескен тренингтер өткіздік. Бүгінде өздеріңіз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Орталық Азиядағы тарихи қалалық ландшафттарға бағытталған тәсілді енгізу арқылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін техникалық қолдау» Ұлттық семинарын өткізуді бастадыңыздар. Осы жылы Криста Пиккат ханыммен кездесуде біздер материалдық және материалдық емес мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсынысымен тікелей іске асырылатын мамандарды даярлау мен оларды оқыту мәселелеріндегі жұмысты тереңдетуге уағдаластық. Осыған байланысты, ЮНЕСКО-ның Париждегі кеңсесі мен Кристина Иаманди ханымның облысымызға сапары үшін жеке алғысымды білдіргім келеді», - деді аймақ басшысы.
Отырыста тараптар Түркістан облысы мен оның орталығы Түркістан қаласы жөнінде әңгімелесті. ЮНЕСКО-ның Қ.А.Яссауи кешенін нақты аумақтық байланыстыру және оны Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан шаһарының жалпы даму динамикасына біріктіру қажеттігі туралы қорытындыға келгені облыс үшін өте маңызды екенін алға тартқан Ж.Түймебаев ұйым тарапынан ұсынылатын бастамаларды жан-жақты, толық қолдауға әзір екенін жеткізді. Бұл ретте, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстарды шеберлік сағаты, сарапшылар мен мамандардың басын қосқан семинарлар түрінде ұйымдастыруды ұсынды.