Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Шардара
армспорт» спорт клубына барды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің
баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде армрестлинг спортынан Шардарадан 102 әлем
чемпионы шығып отыр. Шағалалы Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған өңір
басшысы даңқы асқақтап тұрған спорт клубының сайыпқырандарымен жүздесті. Пікір
алмасып, жетістіктерін жоғары бағалады.
Жалпы «Шардара армспорт» клубында қол күресі спорты
бойынша 500-ге жуық спортшы бар. Мұнда спортшылар 32 жаттықтырушының қол
астында жаттығуда.
«Бүгін Шардараға жұмыс сапарымда сіздермен арнайы
жолығуды жөн көрдім. Себебі Шардара спортшылары Қазақстанды ғана емес, әлемді
мойындатып жүр. Бұл ретте бапкерлердің еңбегін айта кеткен жөн. Шардаралық
жастардың спортқа қызығушылығы қуантады. Қазақстанның ешбір ауданында мұндай
жетістік жоқ деуге болады. Қазіргі таңда қол күресінен Шардарадан 102 әлем
чемпионы бар. Спорт саласындағы жетістіктеріңіз бен табыстарыңыз арта берсін.
Өңірімізде спорт нысандары көбейіп жатыр. Біз спортшыларды қолдауға әрқашан
дайынбыз», – деген Дархан Сатыбалды «Шардара армспорт» спорт клубына демеушілер
әзірлеген автокөлікті тарту етті.
Жуырда өткен әлем чемпионатына команданы бастап
барған команда капитаны Мағжан Шамиев сыйлықты қабылдап, өңір спортшылары
әрдайым ел намысын қорғауға дайын екенін жеткізді.
Түркістан облысында гір спорты және армрестлинг
федерациясын алғашқы болып құрған федерация президенті Арман Қарсыбаевтың
шәкірттері бұл күндері әлемді мойындатып жүр. Спорт федерациясы 2001 жылы құрылған.
Яғни, 21 жылдың ішінде 278 спортшы Азия чемпионы, 391 спортшы ҚР-ның чемпионы,
85 спортшы халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.