Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ордабасы ауданында тұратын алтын құрсақты аналар - Назира Алиева мен Айгуль Аязбаеваның үйіне барды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуде өңір басшысы әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналған аяулы жандарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдер көпбалалы отбасылардың жағдайымен танысуы керек. Олармен бетпе-бет жүздесіп, қандай көмек қажет екенін білген жөн деп ойлаймын. Сіз сияқты жандарға мемлекет тарапынан қашанда тиісті қолдау жасалады. Жақында Елбасымыз Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде көпбалалы отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту жөнінде Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Аз қамтамасыз етілген, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдаудың шарттары жеңілдеп, әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сіздер ссияқты батыр аналарымыз көп болсын. Жас қыз-келіншектер өздеріңізден үлгі алуы тиіс», - деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі көпбалалы аналарға мерекелік сыйлығын табыс етті.
Айта кетерлігі, Назира Алиева - Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округі, Темірлан ауылының тұрғыны. Отбасында 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр. Айгүл Аязбаева да осы ауданның тұрғыны. «Күміс алқа» иегері. Жеке кәсіпкер. Ардақты аналар өңір басшысының арнайы құттықтап келгеніне ризашылық білдіріп, Түркістанды өркендету бағытындағы бастамаларына сәттілік тіледі.