11 мау, 2019 сағат 10:49

Түркістан облысындағы Жамбыл ауылына газ келді

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Жамбыл ауылына газ берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытбек Танагөзов жамбылдық тұрғындардың қуанышымен бөлісті.


«Тәуелсіздік туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда  көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Соның бір парасы бүгін Жамбыл ауылында жүзеге асты. Ауылға көгілдір отын беріліп жатыр. Бұл  - Тәуелсіздік тартуы», - деді ол.

Көгілдір отынға қол жеткізген Жамбыл ауылының тұрғындары енді көмір тасып, күл шығармайтын болды деп, жүрекжарды тілегін жеткізген ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбдіхалық Ағабеков ел тұрғындары атынан алғысы мен ризашылығын білдірді.

Жамбыл ауылы бұған дейін газдандырылмаған болатын. Енді елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қатысты туындаған мәселелер толығымен шешімін тауып отыр. 


Айта кетерлік жайт, ауданда 2015 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, қараша айында көгілдір отынның алауы жағылып, аудан орталығына газ берілген болатын. Облыс қазынасынан арнайы қаржы бөлініп, 2017-2018 жылдар аралығында аудандағы 8 елді мекенге газ құбыры тартылды. 8 елді мекеннің 3-еуі - Жамбыл ауылдық округіне қарасты ауылдар. Қазіргі таңда газ округ орталығына берілсе, қалған 2 елді мекенде жақын күнде кезек-кезеңімен қосылғалы отыр.

Сонымен қатар, қазіргі таңда аудандағы 7 елді мекенде газ құбырының құрылысы жүріп жатыр.