24 қар, 2018 сағат 12:11

Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктер арасында спартакиада өтті

Түркістан облысындағы  этномәдени бірлестіктер арасында спартакиада өтті. Сайысқа қатысқан бес команда мүшелері  шағын футбол, стол теннисі, шахмат, қашықтыққа жүгіру, дойбы сынды спорттың бес түрінен сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спартакиаданың  ашылу салтанатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Мадина  Камеденова сөз сөйлеп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Өңірдегі этностардың достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтуда мұндай шаралардың маңызы зор екендігіне тоқталды. Облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім КММ басшысының міндетін атқарушы Заңғар Үсіпахметов спартакиаданы ұйымдастырудағы мақсат ұлттар арасындағы татулықты дәріптеу екендігін, алдағы уақытта осындай іс-шаралар  жалғасын таба беретіндігін айтып өтті.

Аса тартысты өткен сайыс нәтижесінде бас жүлде Түркістан қаласының командасына бұйырды. Бірінші орынды облыстық өзбек этномәдени бірлестігі иеленсе, екінші орынды Сайрам ауданының командасы місе тұтты. Ал, үшінші орын түрік этномәдени бірлестігіне берілді.   

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлыққа ие болды.