16 нау, 2020 сағат 12:55

Түркістан облысындағы барлық кеден бекеттерінде ұдайы дезинфекция жасалады

Әлемді алаңдатқан коронавирустың Түркістан облысы аумағына шекара арқылы енуіне жол бермеу мақсатында қатаң шаралар қолға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.

Осыған орай, шекаралық өткізу пункттерінде дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Санитарлық дәрігерлер ғимараттарды тазартады. Бұл жұмыстар шамамен 2 сағатқа жалғасады және осы уақытта өткізу пунктілері жабылады. Залалсыздандыру жұмысын әр аптаның сәрсенбі және бейсенбі күндері жүргізу жоспарланған. Бұл - аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жасалынып отырған шара.

«Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 6 шекаралық кеден бекеті бар, олар - «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Сарыағаш стансасы», «Бауыржан Қонысбаев» және «Атамекен». Бүгінгі таңда барлық кеден бекеттері штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазір кеден төтенше жағдайдың жаңа деңгейі жарияланды. Санитарлық бақылау тәулік бойы жүргізіледі. Түркістан облысына Қытайдан және басқа шет елдерден келгендер санитарлық эпидемиологтар мен шекарашылардың арнайы бақылауынан өтеді» делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, барлық кеден бекеттерінің өткізу пунктерінде тепловизорлық бейнекамералар мен қол өлшеуіштері бар инфрақызыл камералар орнатылған. Олар дене температурасы көтерілген адамды 15 метр қашықтықтан табуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда жүйе арнайы маманға дабыл береді.