12 там, 2023 сағат 14:47

Түркістан облысында жоғалған күйеуін өлтірді деген күдікпен әйелі ұсталды

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында жоғалып кеткен күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

12 тамызда Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полициясына жергілікті тұрғыннан екі күн бұрын 38 жастағы інісі жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

"Аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жоғалған тұрғынды іздеуге жұмылдырылды. 

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полицейлер отбасылық жанжалдан кейін күйеуін өлтірді деген күдікпен ауданның тұрғынын анықтап, ұстады. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.

Қайғылы жағдай орын алған отбасы ішкі істер органдарында есепте тұрмаған және отбасылық жанжал бойынша бұрын полицияға жүгінбеген. 

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен "Кісі өлтіру" сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.