Түркістан облысының Төлеби ауданында құйынды желден шатыры бүлінген мектепті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, кеше «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінің шатыры қатты желдің салдарынан түгелдей ұшып кеткен. Төтенше жағдай жексенбіде орын алғандықтан, ғимаратта күзет қызметінен өзге ешкім болмаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
«Дүйсенбіде шатыры ұшқан мектепті қалпына келтіру жұмыстарына Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің басшылығымен шұғыл комиссия құрылып, қазіргі таңда көрші Сұлтан-Рабат мектептерінен келген еріктілер шатыр қалдықтарын жинастыру жұмыстарына көмек көрсетіп жатыр. Әзірге, мектеп оқушылары көрші ауылдың білім ұясына бір аптадай қатынап, оқитын болады. Ол үшін аудандық білім бөлімі тарапынан тасымал ұйымдастырылады», - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Айта кетейік, 300 орындық «Жыланбұзған» жалпы орта мектебі 2014 жылы пайдалануға берілген. 5 жылға дейін құрылысын жүргізген мердігер компанияның кепілдік мерзімінің аяқталуына байланысты, табиғи апат салдарын жою аудан бюджетінен жүргізілетін болады.
9 ақпан күні Жыланбұзған ауылында дауылды жел салдарынан мектептің шатыры бүлінгені жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз. Сондай-ақ елорда уақытымен шамамен 20:00-да жылдамдығы секундына 30 метрге жететін қатты жел «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің 500 кВ (ВЛ-500кВ) жоғары кернеулі желісін зақымдады. Бұл, Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесін БЭЖ-ден ажыратты. Салдарынан Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары ішінара электр қуатынсыз қалды. Сағат 21:27-де желінің жұмысы толығымен қалпына келтірілді.