Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына
Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Бұл жөнінде облыс әкімінің
міндетін атқарушы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында
айтылды.
Өңір басшысының міндетін атқарушы аймақтағы мектеп
тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу
бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
«Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген
әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына
өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды
тапсырамын. Әсіресе бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң
қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың
құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар.
Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір
үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай
емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған
мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу
қажет. Жұмысты ширатыңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының
басшысы Д.Болатханұлы мен Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиевтің
мектептер құрылысы бойынша баяндамалары мен есептері тыңдалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын
іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің
(жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300
орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8
мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55
мектеп салынатын жер учаскісіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі
алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29
мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім
нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы
жүзеге асырылады. Д.Амангелдіұлы аталған нысандарға қажетті жерді,
инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа айындықты
бастау жөнінде тапсырма берді.
Жиында өңірдегі құрылысы жүріп жатқан мектептер мәселесі
де қаралды. Сонымен бірге жұмыстары кешеуілдеп жатқан нысандардың жай-күйі
сарапталды. 2022 жылы Түркістан облысында 54 мектептің құрылыс жұмыстарын
жүргізуге 20,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 22 мектепті (5100
орын) пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 мектеп (Мақтаарал,
Сарыағаш-2, Келес, Төлеби-2, Түлкібас-1, Бәйдібек аудандарында) ел игілігіне
берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады деп көзделіп отыр.
Аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалу барысы да
талқыға салынды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы
А.Тасыбаевтың айтуынша, облыс бойынша 2022 жылдың 25 қарашасындағы дерекке
сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары
92,6%-ға орындалып отыр. Тиісті жұмыс атқарылса, барлық аудан, қалаларда
кірістер жоспары толық орындалады деп күтілуде.
Қаржыны игеру барысындағы мәселелер де айтылды. Дархан
Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қаржыны игеру, сол
арқылы өңір инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.