27 мам, 2024 сағат 18:26

Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды


Фото: Polisia.kz 


Түркістан облысында полиция жер қойнауын заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобын ұстады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.


Түркістан облысында полицейлер Шардара мен Жетісай ауданында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, жер қойнауын заңсыз өндірумен, атыс қаруын сақтаумен және жеңгетайлықпен айналысқан адамдар тобын анықтады.


«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, күдікті 9 адамды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, бұрын сотталған жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел уәкілдер тінту барысында, олардан 1 жүк тиегіш көлік, 7 жүк көлігін, 2 аңшылық мылтық, патрондар және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Бұдан басқа полицейлер Шардара қаласындағы іс-шаралар барысында, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру фактісін анықтады. Жедел уәкілдер притонның 2 әкімшісін, Қазақстанның 4 азаматын ұстады. Сондай-ақ ақшалай қаражат пен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды», — делінген хабарламада. 


Тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.