Түркістан облысының полицейлері Қызыл кітапқа енген тау арқарын ұстап, сойып алған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғыннан арқар етін тапты.
Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы Алмас Серіков күнделікті жұмысын атқару кезінде таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып, не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қабына көзі түсіп, күмәнданған полицей тексеру жүргізеді. Сол кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынған.
Полицейлер ер адамнан жауап алу барысында, ол қаптағы ет арқардың еті екенін, оны ұстаған кезін өз ұялы телефонына түсіріп алғанын айтқан. Мал бағып жүрген жігіт өзінің иттерімен бірге арқарды ұстап алған. Одан кейін жануарды сойып, қайтып келе жатқанында полицейге ұсталған.
Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.